Алматыдағы Наурыз. Мерекелік концерт, жәрмеңке, фестиваль тізімі

Наурыз мейрамы Алматыда "Наурыз шеруімен" басталады. Шеруге Алматы мәдениет мекемелері, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері, жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушылары, саятшы - бүркітшілер мен таз ит баптаушылар, қала тұрғындары - барлығы 2 мыңға жуық адам қатысады.

Наурыз, Ұлттық киім, қазақ қызы
Фото: Liter.kz

Алматыда Наурызда ұлттық киім киген, сән-салтанаты жарасқан топ көшелерді жүріп өтеді. Қатысушылар 21 наурызда таңертең Абай даңғылының бойында Қазақ мемлекеттік циркі алдындағы алаңға жиналып сахналанған көрініспен шеруді бастайды. Арнайы көліктің үстінде Қыдыр Ата мен Жер Ана шеруді бастап жүреді.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шеру Абылай хан даңғылымен төмен түседі. Сырнайлатып, кернейлеткен сәнді топ Қабанбай батыр көшесінде оңға бұрылып, Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрына дейін сән-салтанатымен жүріп өтеді.

22 наурызда қала тұрғындарын мерекелік бағдарлама күтеді. Онда Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Мөлдір Әуелбекова сынды әртістер, «Рензо», «Меломен», «Аянат», «Назар» сынды топтар ән шырқайды көрсетеді. Ал 23 наурызда кешкі сағат 19:00-де МузАрт тобы «Астана» алаңында өнер көрсетеді.

Алматылықтар мен қала қонақтарын Түркиядан, Әзербайжан мен Қырғыз елінен келетін шетелдік музыкалық-би топтары да құттықтайды. Шетелдік қонақтар көңіл-күйді арттырып, түркі халықтарына ортақ мерекеде өз халқына тән дәстүрлерін  де таныстырады. Жаңа жыл ұлттық дәстүрдегі халық серуендерінен басталады.

Әлемнің алты елінен келген 170 қолөнер шебері өнімдерін жұрт назарына ұсынып, зергерлік құпияларын бөліседі.

Төрт күнге созылатын мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтары түрлі концерт, жәрмеңке мен фестивальді тамашалай алады. Фестивальдер Астана алаңында, Панфилов пен Жібек жолы көшелерінде, «Атакент» көрме кешенінде, «Алматы Арена» мен Нalyk Arena спорт кешендері маңында, сондай-ақ «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде өтеді:

22-23 наурыз — Астана алаңы;

21-24 наурыз — Панфилов, Жібек жолы көшелері;

22 наурыз — Нalyk Arena мұз айдыны кешені;

22 наурыз — «Алматы Арена» Мұз сарайы;

22 наурыз — «Атакент»;

23 наурыз — «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндері кешені.

Бұл күндері қалада 60 тонна көже мен бауырсақ таратылады.