Бағлан Әбдірайымов жағдайы төмен отбасыға үй салып бермек

Астанада өртке оранған бес баланың қазасына Қазақстан халқы қайғырып, көңіл айтқан еді. Бұл қатардан өнер жұлдыздары да табылды.

Бағлан Әбдірайымов
Фото ашық дереккөзден

Соның бірі Бағлан Әбдірайымов Instagtam парақшасында өзгелерге үлгі болсын ниетпен досымен бірге көпбалалы отбасына барған кездегі суреті мен жазбасын салды.

«Бүгін, Сырым дос екеуміз Іле ауданы, Қуат елді мекені, Ашкеев 25 — уй, (ГРЭС) бес балалы отбасыға арнайы барып келдік. Өте нашар жерде өмір сүріп жатқанын көзбен көрген жөн деп санадық. «Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ, жағуға көмір, жеуге нан жоқ» деген соң, шыдамадым.

Бағлан Әбдірайымов, көпбалалы отбасы
Фото Бағлан Әбдірайымовтың Instagram парақшасынан

Бір-екі достарыма айтып едім, қолдан келген қаражатты салып жіберіпті. (Алла разы болсын! Үйіп-төгіп уәде бермесек те, аздап қаражат жағын бердік. Пәтерақысын алу үшін егесі де келе қалды. Отағасы көрші елдің адамы болған соң (қазақ) Қазақстан азаматтығын ала алмапты. Қыста көлік жуатын жерде, жазда құрылыста жұмыс істейді екен. Өзімен жолыға алмадық. Жұмыс істеп, ақша табу үшін үш-төрт күнде бір келетін көрінеді. Қазбалап сұрауға ұялдық.

Тұрмысы нашар, көпбалалы отбасы көп көрінеді. Әттең, қолдан келсе, көмектескің-ақ келеді. Алдағы уақытта әкімдікке кіріп, жер сұрасақ деген ниеттеміз! Жер алған жағдайда үй тұрғызып беру ойда бар.

Әуелі Алла, сосын сіз бен біз асарлатып жіберсек, баспаналы болып қалады. Балақайлар сүйкімді, пысық. Ең бастысы, дендері сау. Анасы Астанада болған жағдайдан кейін жалдамалы жұмыстан бас тартып, бала-шағасының қасында отыр. Екі бала мектепте оқиды. Екі баланы жергілікті балабақша тегін қабылдапты. Бесіншісі –емізулі.

Алла разылығы үшін жәрдем берсеңіздер, сауаптан болсын! Қазақтың қайсар қыздары қайырымдылық жасап, ерлік танытып жатыр. Жігіттер қарап қалмайық, ұят болады!» — деп жазған Бағлан Әбдірайымов. Әнші жазбасының соңына отбасының жеке реквизиттерін де қалдырыпты.