Мұхамеджан Тазабеков
Мұхамеджан Тазабеков. Фото: Juldizdar.kz

Мұхамеджан Тазабеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Қазір ғана үлкен тарихи шешімнің куәгері болдық. Елбасымыз өзінің өкілеттілігін тоқтатты. Бір жағынан Елбасымыздың ерлігіне таң қаласың, екінші жағынан, жасыратыны жоқ, үлкен қимастық сезім. Мынадай сапырылысқан, сандаған соғыстар болып жатқан қиындықтар арасынан халқымызды аман-есен отыз жыл бейбітшілікте алып келе жатыр. Елбасымыздың әлі де болса, бізбен бірге болғанына жанымыз қалайтын еді, бірақ «ханның сырын құл білмейді, құлдың сырын кім білмейді» дегендей Елбасымыздың шешіміне бойұсынамыз. Еліміз үшін қайырлы, берекелі шешім болсын. Өкілеттілік тоқтағанмен өмір тоқтаған жоқ. Жақсы адамның жақсылықтары ары қарай жалғасуы тиіс. Біз сол жолда ынтымақ-бірлігімізді, жақсы, ізгі жүректердің егесі екенімізді көрсете білейік. Алла жар болсын, ағайын!

Мақпал Жүнісова, Қазақ өнерінің қайраткері

Мақпал Жүнісова
Мақпал Жүнісова. Фото: inform.kz

Ширек ғасыр елімізді басқарған Елбасымызға бас иемін, егемендік еліміздің тұңғыш Президентінің есімі, әлбетте, ел тариxында алтын әріппен жазылатынына күмәнім жоқ. Еліміздің тыныштығы үшін, ұлт-аралық ынтымаққа, көк байрағымыздың желбіреп тұрғаны да Елбасының еңбегі екенін жақсы білеміз. Осы тыныштығымыз, тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын!

Сырым Әуезхан
Сырым Әуезхан. Фото: Youtube.com

Сырым Әуезхан, айтыскер ақын:

Отыз жыл елге пана болған тұлға
Кетті де абыройы зор қалпында.
Босағамды бекіткен Нұр ағам деп,
Көңілі босаған ел қалды артында

Жетеле деп биікке халқыңды әрі,
Қимайды оны қалың ел артындағы.
Құлаш жайған қазақтың бәйтерегін
Өз қолымен өсірген нартұлғаны.

Бұндай мұңды боп еді наурызым қай?
Көңілі еріп көктемнің қар-мұзындай.
Еркелігі елдің де сап тыйылды,
Әкесінен көз жазған жалғыз ұлдай.

Жүректегі иманын растап беріп,
Имамдармен жүздесті мақсат көріп.
Елбасы өз қызметін аяқтады,
Алла үйін салуды бастап беріп.

Елбасы ісін жасап үздік ердің,
Дәлелдеді жолымен ізгілердің.
Бір Алладан басқаға құл болмайтын
Мұсылман ел екенін біздің елдің.

Көшін сүйреп қазақтың жол бастаған,
Артық туған жан еді ол басқадан.
Өз қазағын аялап қаншама жыл
Қанаттыға қақтырмай қорғаштаған.

Жеткізген қазақ қолын дара баққа,
Осылай тұтас дәуір қалады артта.
Аяғына тұрғызған мемлекетті
Ерің кетсе, қазағым, шара жоқ па?

Ел болайық қиянат жасап алмай
Елбасымыз қалдырған аманатқа

Азамат Сатыбалды
Азамат Сатыбалды. Фото ашық дереккөзден

Азамат Сатыбалды, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры директоры

Елбасымызды қадірлеймін және қадірлеп өтемін. Нұрсұлтан Әбішұлы — ұлы адам, дана көшбасшы, тариxта қалар тау тұлға. Елді тығырықтан шығарып, көптеген жұмыс істеді. Елді әлемге танытты. Айта берсең, көптеген жетістігіміз бар. Алла ол кісіге ұзақ өмір берсін. Еліміз аман, жеріміз тыныш болғай.

Мадияр Серікбаев
Мадияр Серікбаев. Фото: Youtube.com

Мадияр Серікбаев, танымал театр актері

…Елімізде болып жатқан жаңалықтарды қайырлы болуын нәсіп етсін. Тұңғыш Президентіміздің Алла өмірін ұзақ, берекелі етіп, екі дүниенің бақытына бөлесін. Президент болып сайланған кездегі алғашқы істерінің бірі мешіт салумен басталған еді. Соңы да еліміздегі ең үлкен мешіттің ірге тасын қалаумен аяқтады. Қазақтың тұңғыш президенті Нұрсұлтан атамыз Алланың сүйген құлдарының бірі болсын. Әркім әртүрлі пікір айтып жатыр. 30 жыл ішінде Елбасының жасаған жақсылығы аз емес. Ал кем-кетік пенденің бәрінде болады, Алла ғана пәк. Патшаны адамдар сайлағанымен, Алла таңдайтынын ұмытпайық. Қандай жағдай болса да, ол — Алланың қалауы. Ал біз барынша жақсы сөз сөйлеуге тырысайық, болмаса үндемей ақ қояйық. Өйткені біз айтқан сөз өзіміздің амал дәптерімізге жазылып жатыр. Екі иықтағы періштелер біздің аузымыздан шыққан сөзді жазады, «ғайбат» болса «ғайбат» деп, «әйбәт» болса «әйбәт» деп. Жақсылық та,жамандық та Алладан екенін ұмытпайық. Осындай сәттерде кімнің кім екені білінеді. Алла бізді сынап жатыр ғой. Асылық пен күпірлік айтып, сынақтан сүрініп қалмайық, ағайын. Алла ондайдан өзі сақтасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Мөлдір Әуелбекова
Мөлдір Әуелбекова. Фото ашық дереккөзден

Мөлдір Әуелбекова, Қазақконцерт бірлестігінің эстрада бөлімінің басшысы, әнші

Бейбіт өмір мен жарқын болашақтың кепілі бола білген Елбасымыздың шешімі баршамызды селт еткізгені рас. Құрметтен де құрметке лайық Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Ұлттық құндылық пен мәдени мұраны 70 жылдық қақпаннан суырып алып, өскелең ұрпаққа дін аман жеткізе білу Сіздің даналығыңыздың арқасы деп білеміз. Күмәнсіз, қазақ елінінің абыройын асқақтата білген ұлт көшбасшысы — Сізге айтар алғысымыз шексіз! Біз Сізді мақтан тұтамыз! Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз!