Бүгін — Амал мерекесі

Көрісу – Қазақстанның тек батыс өңірінде сақталған көне дәстүр. Аймақ тұрғындары 14 наурызды Көрісу күні немесе Амал мерекесі деп атайды.

Ұлттық киім, қазақ қыздары
Фото ашық дереккөзден

Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында, көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қара­қалпақстанның қазақтар көп қоныстанған жерлерінде Наурыз мерекесі айдың 14-і күнінен баста­лып, көрісу салты орындалады.

Бұл мерекенің шығу тарихы туралы әртүрлі болжам бар. Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясының мәліметінше, мереке Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша тойланады.

Этнограф ғалым Досымбек Қатранұлының айтуынша, бұл – қазір 22 наурызда тойланып жүрген мерекенің көне нұсқасы, жылдың нағыз басы.

Амал мерекесі — жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны білдіреді. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем бастал­ған Амал таңының алдында адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы ретке келтіріп қояды.

«Бұл күні басымыздан Пайғамбар сипайды» деген наным-сенім де болғандықтан бір күн бұрын кешкісін адамдар міндетті түрде бастарын жуып, тазаланады. Жаңа киімдерін әзірлейді. Таң сібірлеп атысымен әр ошақ ерте тұрып, елең-алаңнан есіктерін ашып қойып, көрісе келген адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күй­мен қарсы алып, үйіндегі мол дастарханға шақы­рады. Бұл күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды, ешкім ұйықтап жатпайды.