Данэлия Төлешова ата-анасы жайлы сұраққа жауап беремін деп көз жасына ерік берді (видео)

2017 жылы Украинада өткен “Голос. Діти” байқауының жеңімпазы, The World’s Best байқауына қатысып жатқан дарынды әнші Данэлия Төлешова #50целейзагод (Бір жылда елу мақсат) жобасына сұхбат берді. Төлешова жоба жүргізушісіне Америкадағы дарындылар шоуы жайлы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

 

Қазақстанның мақтанышы Данэлия Төлешова жүргізушінің “Мотивацияны қайдан және кімнен, неден аласың?” деген сұрағына жауап беріп, әкесін үлгі тұтатынын сөз етті. Сұраққа жауап берген жас әншінің көңілі босап кеткен болуы керек, Төлешова кенеттен көз жасына ерік берді.

“Негізінде маған бір емес бірнеше адам мотивация береді. Әрқайсысы мені белгілі бір қадамды жасауға қорықпауға, мақсатқа жетуге қуаттандырады. Көбісі мақсатқа жету жолында алдыдан кедергі шықса, бәрі бітті, тағдыр артқа қайту керек деген белгі беріп жатыр деп ойлайды. Жаратқан алдағы болатын дүниеге, жағдайға дайындау үшін адамдарды сынайды.

Егер жолыңызда қандай да бір қиындыққа тап болсаңыз, артқа қайтудың керегі жоқ. Қандай жағдай болмасын, алға қадам басып, жолыңызды жалғастырыңыз. Көбінесе маған мотивацияны әкем береді. Ол ешнәрсеге қарамай, бізге көмектесу үшін алға қадам басып келеді. Оның іс-әрекеттеріне қарап, бізді қалай жақсы көретінін байқауға болады”, — дейді ол.

Данэлия Төлешова қазіргі таңда The World’s Best атты америкалық ток-шоуға қатысып жатыр. Ол байқаудың үшінші кезеңіне өтті. Әншінің сөзінше, Төлешова байқауға тағы да бір қазақстандықтың, яғни Димаш Құдайбергеннің қатысып жатқанын білмеген. Америкаға бару Данэлия Төлешованың арманы болған екен. Сондықтан ол The World’s Best байқауына қатысуға ұсыныс түскенде бірден келісімін берген.