Ерекше үні бар Аделина Мұхамеджанова Италияда өтетін байқауға шақырту алды

11 жастағы алматылық Аделина Мұхамеджанова Италияда өтетін Open International Auditions 2020 академиялық вокал байқауына арнайы шақырту алды. 

Аделина Мұхамеджанова
Аделина Мұхамеджанова. Фотo: Youtube.com

Аделина Мұхамеджанова Наурыз мерекесі кезінде өткен Festival & Contest байқау-фестивалінде Nella Fantasia туындысын орындап, қазылап алқасын таңдандырды. Осыдан кейін Аделинаға Open International Auditions 2020 байқауына Festival & Contest ассосациясының Президентінің шақыртуы берілді.

Open International Auditions 2020 — бірнеше мемлекеттен дарынды орындаушылар, оркестрлер, хорлар мен ансамбльдер қатысатын, бағалаудың біліктілік принципі бар байқау. Байқауға қатысушылар кәсіби театрда өнер көрсетіп, Еуропадағы жетекші консерваториялардың оқытушыларынан мастер-класс алады.

«Біз үшін және классикалық вокалмен айналыса бастаған орындаушы үшін Open International Auditions тәрізді байқауға шақырту алу — үлкен бақыт. Балаларға арналған байқаулар көп емес. Халықаралық деңгейдегі ұстаздардан сабақ алудың өзі — үлкен жетістік. Аделина классиканы жақсы көреді және алдағы байқауға бар ынтасымен дайындалатын болады, — дейді Аделинаның анасы Нейла Сүженова.

Аделина Мұхамеджанова 2018 жылы Елена Образцованың байқауында Николая Цискаридзенің арнайы сыйлығына ие болған. Ол — Италияда өткен SanremoJunior 2018 байқауының жеңімпазы. «Евровидение музыкалық академиясы» телевизиялық байқауында «көрермен назарын иеленген» сыйлығын алған.