“Министрліктің арқасы”: Әуелбекова жеке концертін өткізуге мемлекеттен қаржы алғанын айтты

Мөлдір Әуелбекова 2018 жылды 15 жылдық есеп беру кешімен аяқтады. Желтоқсан айында Астанада өткен ән кешіне Мөлдір небәрі 20 күн дайындалған. Себебі аяқ астынан мемлекет тарапынан ұсыныс түскен. Бұл күнді 15 жыл армандаған әнші бас тарта алмаған.

 

Бұл туралы Мөлдір мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында өткен брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

Журналистердің бірі әншілерге: “Неліктен әртістер әр сөзінде министрлікке алғыс айтады? Мәселен, шетелдік Джастин Тимберлейктің аузынан мұндай сөзді естімейсің. Сіздер бұған қалай келдіңіздер?” – деп сауал жолдады. Оған Әуелбекова:

“Сахнада жүргеніме 15 жыл болды. Қаражат жағынан концерт беруге мүмкіндігім болмады. Сол себепті Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен концерт болғандықтан мен, әрине, алғысымды айтамын.

Менімен Әли (ред. Оқапов) де қосылады деп ойлаймын. Осындай мүмкіндікті ала алмай жүрген әртістердің бірі. Біз шетелдік әртістер сияқты көп табыс таппаймыз. Кейде жеке концерт беруге мүмкіндігіміз бола бермейді. Көп адам өнер адамдары шалқып өмір сүреді деп ойлайды. Кімнің артында қанша қарыз, кредит, қанша проблема бар екенін ешкім білмейді. Дегенмен де шүкір, көптеген мүмкіндік бар. Бұның барлығы министрліктің арқасында болып жатыр”, – деп түсіндірді Мөлдір Әуелбекова.

Әріптесінің сөзімен Әли Оқапов та келісетінін айтты.

Айта кетейік, Мөлдірдің ән кеші толықтай жанды дауыста өткен болатын. Әншінің концертіне билеттер 500 теңгеден сатылған.

 

Источник: Stan.kz