Сания Темерханова «Қазақ аруы — 2019» атанды

18 үміткердің ішінен Павлодар облысының аруы Сания Темерханова "Қазақ аруы - 2019" атағын жеңіп алды.

Сания Темерханова, Қазақ аруы 2019
Фото: Бауыржан Жуасбаев

Бірінші орын Қарағанды аруы Айханым Орынбековаға бұйырды.

Екінші орынды Астана намысын қорғаған Анна Вайдурова иеленді.

Үшінші орын да Павлодар атынан қатысқан Сая Тұрсынбековаға тиесілі болды.

Сания Темерханова, Қазақ аруы 2019
Фото: Бауыржан Жуасбаев

«Қазақ аруы — 2019» байқауына Айгүл Мүкей, Динара Сәтжан, Қарақат Әбілдина, Болат Мажағұлов, Ерік Жолжақсынов, Арман Сейтмамыт, жоба продюсері Баян Алагөзова, «Қазақ аруы — 2018» гран-при иегері Набира Рақымжан және тағы басқалары қазылық етті. Алқа төрайымы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова болды.

Сания Темерханова, Қазақ аруы 2019
Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана әкімдігінің мәліметінше, байқаудың іріктеу кезеңінде 16-22 жас аралығындағы 600-ден аса арудың өтінімі қарастырылған. Байқаудың талабы бойынша, арулар қазақ тілінде еркін сөйлеп, әдебиет, тарих салаларын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуі тиіс. Сонымен қатар көрікті, бұрымды, бойлары кемінде 170 сантиметр болуы керек.

«Қазақ аруы — 2019» байқауының бағдарламасы үш кезең бойынша өтті – шығармашылық, интеллектуалдық байқау және қазақстандық дизайнерлер киімдерінің көрсетілімі (дефиле). Арулар бір жарым айдан бері кәсіпқой мамандардың – хореограф, режиссер, дизайнер, визажистер мен стилистердің көмегімен байқаудың финалына дайындалды.