Сарапшы Гауһар Нұртас: The World’s Best шоуында әділ баға беру қиын

The World’s Best америкалық шоуына Қазақстанның атынан тағайындалған жалғыз сарапшы және қазылар алқасының мүшесі Гауһар Нұртас сайыс туралы пікір айтты.

Гаухар Нұртас
Гауһар Нұртас. Фото жеке архивінен

— Димаш пен Данэлиядан басқа қатысушылардың өнері сізді таңғалдыра алды ма?

Иә. Кореядан келген қатысушылардың өнеріне тәнті болдым. Олар кәсіби түрде ерекше өнер көрсетті. Маған қатты ұнады. Сондай-ақ ерекшеліктерімен басқа да қазылар алқасының жүрегін жаулап алды.

— Бұл жоба «Минута славы» сайысының көшірмесі ме?

Жобаға бірнеше елдің таланттылары қатысты. Бұл жоба бұрынғыдан өзгерек. Жобаны басқалармен салыстыра алмаймын. Себебі мұндай сайыс жиі бола бермейді. Себебі The World’s Best — ең үздік шоу және қатысушылары да «сен тұр, мен атайын» деген таланттылар.

—Димаштың соңғы сайыстағы өнерінен кейін сахна сыртында не болды?

Шетелдік әріптестерім мені құшақтап, бетімнен сүйіп, құттықтап жатты. Димаштың адам сенгісіз талантын айтып, таңданыстарын жасыра алмады. Оның басқалардан дараланып тұратын өнерін сөз етті. Димаштың әнін таң-тамаша болып тыңдаған көрермендердің ризашылығын, эмоциясын айтып жеткізу мүмкін емес.

— Ұйымдастырушылар қатысушыларды қайда орналастырды?

Біз келісімшарт бойынша сайысқа қатысушылармен сөйлесіп, жақын араласа алмаймыз. Әрине, қатысушылармен араласып, сөйлескім келді. Өкінішке қарай бұған қатаң түрде тыйым салынды. Бұл да дұрыс шығар. Себебі біздің пікіріміз обьектив болуы керек. Бұл сайыста әділ баға беру өте қиын. Себебі әрбір сарапшының өз жерлестеріне бүйрегі бұрып тұратыны белгілі. Мен де жерлестеріме барынша қолдау білдіріп, көмектескім келді. Бірақ келісімшарттың аты — келісімшарт.

— Қатысушыларға қандай талап қойылды?

Бірегейлік. Ерекшелік. Әлемдегі бірнеше миллиард адамның арасында үздік болу. Бұл сайысқа қатысу үшін сіз басқалар істей алмайтын өнеріңізді көрсетуіңіз керек. Егер сіздің өнеріңізді әлемдегі бірде-бір адам қайталай алмайтын болса, қатысуға өтініш білдіріңіз. Қазір ұйымдастырушылар келесі маусымға қатысушыларды іріктеп жатыр.

— Димаш пен Данэлияның жеңу мүмкіндігі қандай?

— Өте жоғары деп есептеймін. Жерлестеріммен мақтанамын. Тақымымызды қысып, қолдау білдіреміз. Нәтижесін алдағы уақытта көресіздер.

Дереккөз: Qamshy.kz