Серікбол Сайлаубек әншілердің салық төлеуіне қатысты пікір білдірді

Серікбол Сайлаубек мемлекет әншілерге салық салмас бұрын олардың жағдайын жасауы керек деген пікір айтты.

Серікбол Сайлаубек
Серікбол Сайлаубек. Фото: Аikyn.kz

«Салық тағайындау үшін алдымен әншілердің жағдайын қарау керек. Жағдайымыз дұрыс болса, салықты төлеуден қашып тұрғанымыз жоқ. Көбі әншілердің өмірі «өмір» деп ойлайды. Көбі біле ме? Ақшаны аласың, әнді жаздыруға бересің, аранжировкаң, киімің, бейнебаяның бар. Клип түсіргеннен кейін оны тегін айналдыра ма? Ол да — ақша. Республика сарайына концерт қою үшін 4 миллион теңге төлейсің. Ал ол 4 миллионды табу үшін сен бүкіл Қазақстанда тентірейсің, бала-шағаңды көрмей», — дейді Серікбол Сайлаубек.

Әншінің айтуынша, бір көзі мүлде көрмей, екіншісі нашар көретіндіктен ол 16 жасында зейнетке шыққан.

«Үкіметтен зейнетақы аламын. Бір жағынан зейнетақы беріп, бір жағынан салық алмайтын шығар деп ойлаймын», — дейді ол.

Серікбол Сайлаубектің пікірінше, күніне бірнеше тойға шығатын әншілердің табысын бақылау мүмкін емес.

«Біз ақшаға барғаннан гөрі тегін көп жүреміз. Туған-туысқаның, дос-жараның бар. Туған-туысқаныңның араласатын достары бар. Бармасаң, ренжиді. «Жұлдыз болып кеттің бе?» дейді. Бала-шағамыз тағы бар. Мысалы, менің төрт балам бар. Несін жасырайын, әлі пәтерде тұрамын. Ақырын-ақырын бой түзеп, бір-екі жылдай болды, намысқа тырысып, анама үй салып берейін деген ниетпен үй тұрғызып жатырмын. Ешкімді арбап, я бір тоналған ақша емес. Маңдай теріммен тапқан ақшам», — дейді Серікбол Сайлаубек.