Қазақ аруы — 2019: финалға 18 ару қатысады

Байқау Астана әкімдігінің қолдауымен үшінші рет өткізілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға Абай мен Шәкәрімнің 280, Мұқағали Мақатаевтың 350 өлеңін және поэмаларын жатқа білетін арулар да қатысып жатыр. 

Қазақ аруы
Фото: Lada.kz

Бүгін, 19 наурыз күні, Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақ аруы-2019» ұлттық сұлулық байқауы өтеді.

Астана әкімдігінің мәліметінше, байқаудың іріктеу кезеңінде 16-22 жас аралығындағы 600-ден аса арудың өтінімі қарастырылған. Кастинг қорытындысы бойынша ақтық сынға тек 18 қыз қатысатыны анықталды.

«Қазақ аруы — 2019» атануға үміткер қазақ тілінде еркін сөйлеп, әдебиет, тарих салаларын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуі тиіс. Арулар көрікті, бұрымды, бойлары кемінде 170 сантиметр болуы керек.

«Қазақ аруы — 2019» байқауының бағдарламасы үш кезең бойынша өтеді – шығармашылық, интеллектуалдық байқау және қазақстандық дизайнерлер киімдерінің көрсетілімі (дефиле). Арулар бір жарым айдан бері кәсіпқой мамандардың – хореограф, режиссер, дизайнер, визажистер мен стилистердің көмегімен байқаудың финалына дайындалып жүр.

«Қазақ аруы — 2019» байқауының қазылар алқасы белгіленді. Оның құрамына Айгүл Мүкей, Динара Сәтжан, Қарақат Әбілдина, Болат Мажағұлов, Ерік Жолжақсынов, Арман Сейтмамыт, жоба продюсері Баян Алагөзова, «Қазақ аруы — 2018» гран-при иегері Набира Рақымжан және тағы басқалары енді. Қазылар алқасының төрайымы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова.