Қайрат Нұртас митинг кезінде ұсталғандарды босатуды талап етті

Қайрат Нұртас "биліктегілердің халықтың мұң-мұқтажын еститін кезі келді" деп санайды.

Қайрат Нұртас
Фото: Іnformburo.kz

Бұл туралы ол 11 маусымда Instagram желісіндегі парақшасына жазды.

«Мен әншімін. Бұл — менің бала-шағамды асырап отырған жұмысым. Осы уақытқа дейін ешкімнің жағына шыққан адам емеспін, себебі xалықтың тыныштығы — мен үшін ең маңыздысы. Алайда соңғы жаңалықтарға байланысты айтарым — xалқымның қаны төгілсе, қарап қалмаймын. Өйткені мені көтерген — xалық! Елімде болып жатқан жайттарға жүрегім ауырғаннан, бей-жай қарап, үнсіз отыра алмаймын, — деп жазды ол.

Әнші «Конституцияға сәйкес елдің бірінші байлығы – халық» деп жазып, үкіметтен қамалған халықты босатуды сұрады.

Қайрат Нұртас — «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Биылғы сайлау науқанында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдау шараларына қатысқан.

9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтіп, «Нұр Отан» кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіске жетті.

9-10 маусымда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбеде полиция жүздеген адамды ұстады. ІІМ екі күнде елде 700-ге жуық адам ұсталғанын, оның көбі жазаланғанын мәлімдеді.