Қайрат Нұртас ұлының денсаулығы туралы айтты

Қайрат Нұртастың Нарұл, Хан, Алау, Сезім есімді төрт баласы бар. Ол The Эфир бағдарламасының жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында үлкен ұлына ота жасалғанын, осы уақытқа дейін қандай күйді бастан кешіргенін айтып берді.

Қайрат Нұртас
Қайрат Нұртас. Фото ашық дереккөзден

Жуырда Қайрат Нұртастың үлкен ұлы Нарұлдың жүрегіне ота жасалды. Әншінің айтуынша, отбасы ұлдарынан айрылып қаламыз ба деп қатты уайымдаған.

«Нарұл жақында операциядан шықты. Жүрегіне ота жасатқанымызға төрт-бес ай болып қалды. Қатты қиын болды. Айырылып қаламыз ба деп қорықтық. Алланың қалауымен аман қалғанына қатты қуандық. Сол кезде маған бір ой келді. Мүмкін мен бір жерде бір нәрсені дұрыс емес істеп қойған шығармын деп ойладым. Сондай кездерде біз мешітке жүгіріп кетеміз ғой.

Барлығын басыма берілген сынақ ретінде қабылдадым. Сынаққа шыдау керек. Кей кезде маған істесінші, мені алсыншы деп айтасың. Бірақ сынақты жанды жерден алады екен. Соған көзім жетті. Сынақтың болғаны дұрыс.

Қазір денсаулығы жақсы. «Жүгіруге саған әлі ерте, балам», — деп айтсам да футбол ойнағысы келеді. Болады деумен тырысады. Өзі жас. Жас болғаннан кейін еті өсіп кетті. Дегенмен ата-ана қорқады ғой», — дейді Қайрат Нұртас.