Қанат Айтбаев: «Біз ақшаға құнықпаймыз»

Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар баласының гонорары мен қаржысының қайда жұмсалатындығы жайында айтып берді. 

Димаш Құдайберген, Қанат Айтпаев
Қанат Айтпаев, Димаш Құдайберген. Фото: Sputniknews.kz

Олардың айтуынша, Димаштың шығармашылығы қаржыны көп тапсам деген мақсатта емес. Оның табысы көбіне өзімен бірге жұмыс істейтін командаға төлеуге кетеді екен. Мысалы, Димаш сахнаға шыққанда оны 25 адамнан тұратын оркестр сүйемелдейді.

«Димашпен бірге сахнаға бишілер де шығады. Олардың ақысын баламыз өз гонорарынан төлейді», — деп айтты Қанат Айтбаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Димашқа Канада, Корея, Жапония, Франция, Германия және ТМД елдерінен ұсыныстар түсіп жатыр.

«Димаш алдағы уақытта Мәскеуде жеке концертін береді де, бірден Германияға ұшып кетеді. Бір уақытта бірден гастроль ұйымдастыра алмаймыз. Бәрі өз кезегімен болады», — дейдім әншінің әкесі.

Биыл 22 наурызда болатын Кремльдегі концертіне билеттер бірден сатылып кеткен. Сондықтан 23 наурыз күні де концерт беру жоспарланды.

«Ұйымдастырушылар Димашқа осындай ұсыныс тастады. Екі сағатқа созылатын концертте жанды дауыста ән шырқау үлкен жетістік болады. Бұл ұсынысқа Димаш қуана келісті. Сондықтан, Алла бұйырса, ол Мәскеуде екі концерт өткізеді», — деді Қанат Айтбаев.

Ол Димаштың ақшаны тек жеке пайдасы үшін таппайтынын айтып өтті. Ол үшін шығармашылық бірінші орында. «Сондықтан да, біз ақшаға қатты құнықпаймыз» деп, Димаштың жарнамаға көп қаражат жұмсамайтынын айтты.

«Димаштың әндері 114 елде танылған, әр елде өзінің фан-клубтары бар. Көбі Димаш мұны тек ақша үшін істейді деп ойлады. Бірақ, бұл – қате пікір. Мұның бәрі тыңдарманға деген махаббаттан жасалып жатқан дүние», — деп айтты Қанат Айтбаев.

Дереккөз: Sputniknews.kz