Әбдіжаппар Әлқожа қожалар туралы пікірінен соң халықтан кешірім сұрады

Әбдіжаппар Әлқожа "31 арнаның" бағдарламасында қожаларға қатысты айтқан пікірінен кейін көпшіліктің сынына ұшырады. Әнші мұның түсініспеушілік екенін, қожалар туралы ойын өзін нағыз қазақ екенін дәлелдеу үшін айтқан сөзі болғанын жеткізді.

Әбдіжаппар Әлқожа
Әбдіжаппар Әлқожа. Фото: Аpkpure.com

Әбдіжаппар Әлқожа сынға қатысты пікір білдіріп, видеоүндеу жолдады.

«Өнер мен өнер» бағдарламасында негізі сұрақ қойылған болатын. «Қожалар қожадан ғана алады деген бар ғой. Қазір қалай, бұзылды ма?» деген сөзге өзім жауап берген болатынмын. Қожалардың арғы жағын айтып келіп, қазақпен біте қайнасып, қазақтың қожасы болғанын, қазақтың ортасында қазақ болып жүргенін, елімізде осылай жүргенін айтқым келген.

Қожаның баласы болғаннан кейін, оның үстіне түрімді де көп адам «сен қазаққа ұқсамайсың, өзбексің бе, түріксің бе?» деп айтады. Сол бір сөздерден қашу үшін «мен қазақтың баласымын» дегенді дәлелдеу үшін айтылған сөз еді.

Мен қазақтың баласымын. Мен қазақтың ортасында біте қайнасып, қазақтың ерке баласы болып, кішкентай өнерден бақ тапсам, өнердің табалдырығына қадам бассам, осы қазақ халқының қолдауының, демеуінің арқасында, менің әндеріме баға бергендеріңіздің арқасында Әбдіжаппар болып жүрмін. Сондықтан да бұл жерде үлкен түсініспеушілік. Мен өз бабаларым жайлы, ишандар жайлы айттым, арабпын деп кеудемді көтерген емеспін. Мен қазақтың баласымын. Бір жерге барып ән айтсақ та, қазақтың баласы болып жүрмін.

Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Жаңылған жерлерім бар. Бірақ біз болатын баланың бетінен қақпай, белін буатын қазақпыз. Сөзден қате кетсе, баршаларыңыздан кешірім сұраймын. Қазақтың әнұранын көкке шырқатсам деп жүрген баланың бірімін. Мен сіздерсіз ешкім емеспін», — дейді әнші.

https://www.instagram.com/p/Bvn7k_1AHcy/?utm_source=ig_web_copy_link