9 маусымда полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді

Сайлау күні барлығы 21 мыңнан астам тәртіп сақшысы жұмылдырылады.

Полиция, Қазақстан
Фото ашық дереккөзден

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Президентті сайлау қарсаңындағы күшейтілген қауіпсіздік шаралары туралы айтты.

«Полиция сайлауға байланысты 7 маусымнан 12-сіне дейін түгел күшейтілген қызметке көшеді», – деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысының кулуарында.

Министр 8 маусым «Тыныштық күні» екенін еске салды, бұл күні кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынады.

«9 маусым күні сайлау болады, патруль барлық жерде жұмыс істейді. 21 мыңнан астам полицей жұмылдырылады. Мұндай шара сайлау болған сайын қолға алынады», – деді Ішкі істер министрі.

Алматы полициясы қазірден бастап күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. «Құқық тәртібі» жедел алдын алу шарасына 2 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Полицейлермен бірге Ұлттық ұланның 430 қызметшісі жаяу патрульдеуге шығып жүр.

Еске салайық, Президентті сайлау 9 маусым күні 07.00-20.00 аралығында болады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін 12 сағаттан кем емес уақыт ішінде сайлау учаскелерінде дауысты есептеу басталады.